Мұхтар Мағауин

Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.

Менің бойымда Елтеріс, Естемилер, Күл-Тегіндер заманындағы көшпенділердің қаны бар!
— «Көк мұнар», «Жазушы», 1972, 103-бет.
Маған қарсы адам – қазақ халқының жауы.
— «Алтын дәптер», май, 1972

Жазушы, әдебиет зерттеушісі, әрі тарихшы Мұхтар Мағауиннің қаламгерлік қызметі жиырма жасынан басталады. Алғашқы әңгімелерінен-ақ үлкен көркемдік биікке жетеді. Алайда, көп ұзамай, жиырма бес жасында әдебиет тарихшысы ретінде атаққа шығады: Мұхтар Мағауин Қазақ Ордасы – ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған, бұл кезде мүлде дерлік ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген еді. Бұдан соңғы кезеңде ғылымнан қол үзбесе де, көркем прозаға біржола бет қойыпты. Көптеген әңгіме, хикаяттар, тың тақырып, өзгеше құрылымды романдар жазады. Бұл шығармаларда қазақ халқының өткеннен бүгінге дейінгі өмірі мен тарихындағы елеулі кезеңдер қамтылған. Шығармашылық ғұмырының соңына қарай Мұхтар Мағауин ежелгі тарихқа таза ғылыми тұрғыда қайтып оралып, төрт томдық «Шыңғыс хан және оның заманы» атты түбегейлі зерттеу еңбек жазып, жарияға жеткізеді, ізінше «Алтын Орда» танымдық тауарих кітабын тәмамдайды. Өмірінің соңғы жылында жазушы жас кезінде ден қойған Орхұн мұрасын көне түрік тілінен қазіргі қазақ түрік тіліне қотару ісін аяқтайды. Мұхтар Мағауиннің алпыс бес жылдық шығармашылық қызметі – жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз тарабында жазған еңбектері толық жиырма жеті томды құрайды.